Таңдау өз еркіңізде: зейнетақы төлемдері зейнетақы қорынан немесе сақтандыру компаниясынан

Зейнетақы аннуитеті туралы не білесіз?

«БЖЗҚ» АҚ-да (БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтары (ЗЖ) бар қазақстандықтар зейнетақы алудың бірнеше тәсілін таңдай алады. Олар: зейнетақыны БЖЗҚ-дан кесте бойынша алу (жинақтар таусылғанға дейін), өмір бойы төлем алу үшін сақтандыру компаниясымен шарт жасасу немесе осы тәсілдерді үйлестіріп қолдану.

Әр ай сайын берілетін төлемдерді өмір бойына немесе кепілдендірілген мерзім ішінде тұрақты түрде алып отыру үшін сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалуы қажет.

 

Зейнетақы аннуитеті деген не?

Зейнетақы аннуитеті — бұл азамат пен өмірді сақтандыру компаниясы арасындағы шарт, оған сәйкес сақтандыру компаниясы ай сайынғы зейнетақы төлемін өмір бойы немесе келісілген жасқа дейін төлеуге міндеттенеді.

Қазіргі таңда Қазақстанның сақтандыру нарығында зейнетақы аннуитетінің мына түрлері қолданылады:

  • Жедел зейнетақы аннуитеті – шарт жасалғаннан кейін төлемдер бірден басталады.
  • Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті – төлемдер шартта көрсетілген белгілі бір уақыттан кейін басталады (осы кезеңде қаражат инвестицияланып, болашақ төлемдер көлемі артады).
  • Бірлескен (жұбайлар) аннуитет – екі адамның зейнетақы жинақтары біріктіріліп, өмір бойы төлем алу қарастырылады (бірі қайтыс болған жағдайда, екіншісі төлем алуды жалғастырады).

 

Аннуитет шарттары:

  • тиісті жасқа жету – азаматтың аннуитет шартына отыру жасы аннуитет түрі мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) болуына байланысты:

– жедел зейнетақы аннуитетін ер адамдар 55 жастан, әйелдер 53 жастан бастап рәсімдей алады (2028 жылдан бастап әйелдер үшін белгіленген жас мөлшері кезең-кезеңмен өсіп, 2031 жылы 55 жасқа жетеді). Егер азаматтың еңбек қызметі зиянды/қауіпті салада өтіп, кемінде 60 ай бойы МКЗЖ төленген болса, жедел аннуитетті ерлер де, әйелдер де 50 жастан бастап рәсімдей алады (жедел аннуитет бойынша жасалатын төлемдер барлық жағдайларда шарт жасалғаннан кейін бірден беріледі).

– кейінге қалдырылған аннуитетті міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген азаматтар 45 жастан бастап жасай алады. Ал зиянды/қауіпті сала өкілдері (МКЗЖ кемінде 60 ай төленген жағдайда) – 40 жастан бастап рәсімдей алады. Кейінге қалдырылған аннуитет төлемдері 55 жастан бастап беріледі.

  • жинақ сомасының жеткіліктілігі – сақтандыру компаниясынан ең төменгі ай сайынғы төлем мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген төменгі күнкөріс шамасының (ТК) 70%-ынан кем болмауы тиіс. 2025 жылы 32 360 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы ең төменгі төлемді алу үшін ер азаматтардың зейнетақы жинағының мөлшері кем дегенде 9,1 млн теңге, ал әйелдердің шотында 11,9 млн теңге болуы шарт.

Егер МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған жинақ мөлшері аздық етсе, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) қаражатын да қолдануға болады. Тіпті жарналардың барлық түрлері бойынша зейнетақы жинағы да жеткіліксіз болса, жұбайыңызбен немесе жақын туыстарыңызбен (әке-шешеңіз, балаларыңыз, асырап алушыңыз, асыранды ұл-қызыңыз, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер, әкпе-қарындастар, ата-әжелер, немерелер[1]) бірлескен аннуитет рәсімдеуге немесе өз қаражатыңыз есебінен толықтыруға болады.

 

Зейнетақы аннуитетінің негізгі ерекшеліктері:

  1. Зейнетақыны ресми зейнет жасына жетпей алуға болады.
  2. Жинақ сомасы толық төленіп қойса да, төлемдер өмір бойы/келісілген кезең соңына дейін жалғасады.
  3. Жыл сайын төлем мөлшері 7%-ға индексацияланады.
  4. Сақтандыру төлемдерін алушы зейнетақы аннуитетін сатып алған кезде жинақтардың меншік құқығын сақтандыру компаниясына береді, яғни ол жинағын баламалы қажеттіліктерге пайдалана алмайды. Қайтыс болған жағдайда оның сақтандыру компаниясына берілген жинақтары туыстарына мұрагерлікке берілмейді (ал БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары мұраға беріледі). Бұл ретте зейнетақы аннуитеті шарты бойынша зейнетақы төлемдерінің кепілдендірілген кезеңін бекітуге болады. Ол кезде төлемдер алдымен алушыға, ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлеріне аударылады.

 

Шарт жасасу тәртібі. Өзгерту/бұзу шарттары

Зейнетақы аннуитеті шарты жазбаша жасалады. Зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін МЗЖ салымшысының (салымшыларының) және (немесе) пайдасына МКЗЖ аударылған жеке тұлғаның сақтандыру ұйымына берген өтініші негіз бола алады. Өтініште сақтандыру сыйлықақысын есептеу және сақтанушыны (сақтандырылушыны) сәйкестендіру үшін қажетті деректер қамтылуы қажет. Қажетті құжаттар тізбесі мен тапсыру тәсілдері туралы толық ақпаратты БЖЗҚ сайтындағы “Қызметтер – Зейнетақы аннуитеті” бөлімінен таба аласыз.

Зейнетақы аннуитеті шарты жасалған сәттен бастап екі жыл ішінде оны бұзуға немесе өзгертуге болмайды. Осы мерзім өткеннен кейін шартқа өзгерістер енгізу мүмкіндігі берілгенімен, қаражатты БЖЗҚ-дағы шотқа түгелдей қайтаруға рұқсат жоқ: сақтандыру ұйымында өзгерістер енгізілген күні қолданыста болған төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан кем болмайтын ай сайынғы сақтандыру төлемінің мөлшерін қамтамасыз ете алатын сома қалуы тиіс.

Екі жылдан кейін шартты бұзу басқа сақтандыру компаниясымен жаңа аннуитеттік шарт жасалған жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл ретте қаражат жаңа сақтандыру ұйымына аударылады.

enpf.kz сайтындағы “Онлайн сервистер – Болжамды зейнетақы калькуляторы” бөлімінде орналастырылған зейнетақы калькуляторының көмегімен сақтандыру компаниясына аудару үшін жеткілікті соманы есептеп, сақтандыру компаниясынан және БЖЗҚ-дан берілетін болжамды төлемдердің мөлшерін салыстыруға болады.

ЕСКЕРТУ: Шартқа қол қоймас бұрын оның барлық талаптарын мұқият оқып шығып, салмақты әрі саналы шешім қабылдау маңызды.

АНЫҚТАМА: 01.01.2025 жылғы жағдай бойынша 2024 жылы 62 592 салымшы БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымдарына 394,54 млрд теңге сомада зейнетақы жинақтарын аударды. Биылғы жарты жылда 01.07.2025ж. жағдай бойынша 33 543 салымшы сақтандыру ұйымдарына БЖЗҚ-дан 151,78 млрд теңге жіберді.

Дереккөз: enpf.kz

Барлық жаңалықтар